Қызылорда облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс – қимыл басқармасының қызметкерлері прокуратураның үйлестіруімен іздестіру іс-шараларының нәтижесінде заңсыз есірткі қылмысымен айналысқан 52 жастағы жергілікті тұрғынды анықтап, ұстады.
Тексеру барысында оның тұрғылықты мекен жайынан ішінде арнайы фито-зертханасы бар жылыжай анықталды. Бөлменің қабырғалары пластик фольгамен қапталған. Өсімдіктерді өсіруге арналған жарық диодты жарықтандыру құрылғылары және суаруға арналған құрал - саймандар тәркіленді.
Полиция қызметкерлері зертхана ішінен 214 түп қарасора заттай дәлелдеме ретінде тәркіледі. Сараптама қорытындысына сәйкес тәркіленген есірткі заттардың жалпы салмағы 3 кг 980 гр екені анықталды.
Одан бөлек, тұрғылықты жері бойынша сарай ішінен 8 дана газет қиындысына, 6 дана полиэтилен пакетіне және пластикалық бөтелкеге салынған өзіне тән ерекше хош иісі бар кептірілген шөп тәріздес заттар алынған. Сараптама қорытындысына сәйкес осы тәркіленген заттар жалпы салмағы 5 кг 426 гр «кептірілген марихуана», 4,65 гр «гашиш» болып шықты.
Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынды. Тергеу жүргізілуде.
Сурет ашық дереккөзден алынды