Саптық байқау жылына екі рет, көктемде және күзде өткізіледі. Байқау барысында нысанды киім-кешектің жағдайы, қызметтік куәліктер мен арнайы жетондардың сәйкестігі, сондай-ақ, саптық жаттықтыру деңгейі, бөлімшелердің үйлесімдігі, жеке құрамның қоғамдық тәртіпті сақтау мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайындығы тексерілді. Оған бүкіл жеке құрам қатысты.
Саптық байқау полиция қатарын толықтырған 10 жас қызметкердің ант қабылдауынан басталды. Олар алғашқы офицер шенін алды. Полиция қызметіне жаңадан қосылған жас буынды Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция подполковнигі Оралбек Омаров құттықтады.
Ол ант қабылдау – әрбір полиция қызметкері үшін ерекше сәт екенін атап өтіп, жастардың азаматтық борышын абыроймен атқаруларына тілектестік білдірді.
Өз кезегінде жиынға арнайы шақырылған ішкі істер органдарының ардагерлері жас өрендердің жұмыстарына табыс тілеп, ел тыныштығын сақтау жолында анттарына адал болатындарына сенім білдірді.
Департамент бастығының орынбасары жеке құрам қызметкерлерінің саптық жарғы ережелерін меңгеруін, саптық дағдының дәрежесін анықтап, киім-кешектің сыртқы түрін, қызметтік куәліктердің, айырым белгілерінің талапқа сәйкестігін тексерді.
– Қазақтың біртуар перзенті Бауыржан Момышұлының: «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деген ұлағатты сөзінде терең мағына, үлкен ой жатыр. Өскелең ұрпаққа әдептілік тәрбиесін беру арқылы дұрыс жолға бағыттайтынымыз белгілі. Ал дұрыс жол тәртіптен басталады. Осы мақсатта бүгін қызметкерлеріміздің халықтың тыныштығын күзетуге даярлығын тексердік. Тәртіп пен талап ұштасқан жағдайда елімізде тұрақтылық орнайды, – деді Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция подполковнигі О.Омаров.
Байқау соңында полицейлер саптық дайындықтарын көрсетті. 8 саптық қорапшаны құраған департамент қызметкерлері салтанатты маршпен өтіп, күнделікті қызметіне кірісті.
Сурет Қызылорда қалалық полиция басқармасынан.