Сыбайлас жемқорлық – бұл мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін едәуір төмендететін, қоғамда демократиялық қайта құруларды жүзеге асыруды тежейтін, елдің халықаралық беделіне көлеңке түсіретін өте ауыр құбылыс. Ең бастысы, адамдардың қоғамның демократиялық негізіне деген сеніміне, заң мен әділдікке деген сеніміне, түптеп келгенде, билікке деген сеніміне кері әсер ететіні хақ.
Жасыратыны жоқ сыбайлас жемқорлықпен күрес бүгінде елімізде мемлекеттік маңызы бар түйткілді мәселеге айналды, себебі мұндай әрекеттің мемлекеттік қызметкерлер тарапынан көрініс табуы мемлекеттің дамуына кедергі келтіріп қана қоймай, қоғамда өкіметке, билікке деген сенімсіздік тудырады. Өкінішке орай, жең ұшынан жалғасын табатын, көз қысты-бармақ басты әдет әлі де болса қалмай келеді. Бұл дерт еліміздің дамуына, экономиканың өркендеп өсуіне өрескел кедергі келтіретіні даусыз.
Жемқорлыққа қарсы күресте барлық адамдар заң мен сот алдында тең. Жеке және заңды тұлғалардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру, сыбайлас жемқорлық пен құқық бұзушылықтың зиянды зардаптарын жою, олардың алдын-алу және барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар өз құзіреті шегінде күрес жүргізу, яғни жемқорлықпен күресу – жалпыға ортақ міндет.
Президенттің мемлекетіміздің тағдыры үшін маңызды құжатында айтылған мемлекеттік қызметтегі тұлғаларға қойылатын талап «Әрбір мемлекеттік қызметкердің ары да жаны да таза, сауатты және білікті, біреуге тәуелді болмайтындай жағдайда болса екен», – дегені жұртшылықтың пікірімен үндескендей.
Мемлекеттік қызметкердің атына кір келтіретін әрекеттерден әркімнің де аулақ болғаны жөн. Бұндай заң бұзушылыққа қасақана барғандар қатаң жазаға тартылады.
Әрине, ең алдымен бүгінгі бала, ертеңгі мемлекеттік қызметкердің отбасындаға тәлім-тәрбиесі дұрыс болуы қажет. Тәрбие тал бесіктен және от басынан басталады, ата-анасының шаруаны пара беру арқылы шешетінін, не пара алу арқылы өздерінің материалдық жағдайын жақсартып отырғанын көріп өскен бала бұл жағдайды орынды, яғни солай болуы керек екен деген түсінік қалыптасады. Есейгенде ол баладан қандай мемлекеттік қызметкер шығады? Қалтасының қамын ойлайтын шенеунік бола ма, әлде тәуелсіз еліміздің нығаюына, қазіргі жаһандану заманында патритоттық сезімді барынша бойына терең сіңдірген, ел дамуының ұйытқысы болатын нағыз азамат шыға ма? Сондықтан, әрбір отбасы осы мәселеге аса мән бергені дұрысы.
Г. Жорабекова, Қызылорда облысының
Әділет департаментінің
бас маманы
Сурет ашық дереккөзден алынды.