Жуырда Қызылорда қалалық пробация есебіне алынған азаматқа пробация инспекторы әділет кіші лейтенанты Нүрзия Қыдырбекқызы жаза өтеудің барысы, сот жүктеген міндеттерді орындау бойынша түсіндірме жұмысын жүргізді.
Бұл азамат бөтеннің мүлкін жымқыру ниетімен көршісінің үйінен велосипед ұрлаған. Оған сот үкімімен ҚР ҚК-нің 188-бабының 2- бөлігімен кінәлі деп танылып, 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, пробациялық бақылау белгіленген. Пробация инспекторы Нүрзия Қыдырбекқызы сотталған азаматқа пробация қызметіне айына екі рет тіркелуден бастап, түнгі мезгілде қоғамдық орындарға бармауды және күнделікті мекен жайынан тексеру жұмыстарын жүргізетіндігін және жаза өтеу тәртібі мен шарттары егжей-тегжейлі түсіндіріліп, жаза өтеу тәртібін орындамаған жағдайда шара көрілетіндігін айтып өтті. Сондай-ақ, жеке басы зерделеніп, жұмыссыз екендігі анықталып, жұмысқа орналастыру жүргізілуде.
– «Ұрлық түбі - қорлық» екендігін біле тұра осылай жасадым. Өкінем, арты жақсылыққа апармайтынын білсем де ақша табу үшін, ұрлап сатқым келді. Енді жазамды өтеп жатырмын. Жаза өтеудің міндеттерін түсіндірді. Ендігі жерде жұмысқа орналасып, адал еңбекпен табыс тапсам деймін, – деді сотталушы.
Сурет ҚАЖ департаментінен.