Заң күшейді, нәтижесі қалай болмақ?

0
0


Осы жылдың 15 сәуірінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойды.

Әйелдер мен балаларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік қатаңдатылды.

Қабылданған заңның басты міндеті – балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша мемлекеттік саясаттың құқықықтық, экономикалық, әлеуметтік және ұйымдастырушылық негіздерін жетілдіру, әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстардың алдын алу және жолын кесу.

Негізгі заң арқылы 15 заңнамаға, оның ішінде жеті кодекс пен сегіз заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп жатыр. 

Ілеспе заң Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске түзетулер енгізуді қарастырды. 

Президент қабылдаған отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң, шын мәнінде, мемлекеттің теңдік пен заң үстемдігі қағидаттарына басымдық беретінін, құқықбұзушылыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыратынын көрсетеді. 

Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық көрсеткені үшін жазалау шараларын күшейтеді.

Атап айтқанда, қазір денсаулыққа қасақана орташа және ауыр зиян келтіргені үшін тек 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Ал бұрын айыпталушы бостандықты шектеуі мүмкін еді. 

Денсаулыққа жеңіл зиян келтіру туралы бап та қатаңдатылды: 200 АЕК-ке дейін айыппұл салу немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу көзделеді.

Сонымен қатар қазір бұл қылмыс үшін әкімшілік емес, қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Осы қылмыс ауырлататын мән-жайлар болған кезде 1 000 АЕК-ке дейін айыппұл салуды не 2 жылға дейін бас бостандығынан айыруды немесе шектеуді көздейді. 

Сондай-ақ,  қылмыстық құқықбұзушылық ретінде қайта біліктілігі бар ұрып-соғу үшін 80 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 25 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі жаза көзделген. 

Ауырлататын жағдайларда ұрып-соғу 200 АЕК-ке дейін айыппұл салуға не 50 тәулікке дейін қамауға алуға әкеп соғады.

Сонымен қатар азаптау үшін жауапкершілік күшейтілді. Енді 2 жылдан 3 жылға дейін, ауырлататын жағдайларда 4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделуде. 

Осылайша, тіпті ең аз соққылар да әсерлі айыппұлдарды немесе ұзақ мерзімге қамауға алуды қамтиды. Бұл әлеуетті зорлаушыларды әйелдері мен жақындарына қатысты агрессиясын айтарлықтай тежейді.

Балаларға қарсы зорлық-зомбылықтың кез келген түрін көрсету жауапкершілігі едәуір күшейтілді. Қылмыстық кодексте кәмелетке толмағандарға қарсы денсаулыққа зиян келтіруден бастап ұрлау мен өлтіруге дейінгі қылмыстардың тізбесі жүйеленген және нақты анықталған. 

Мұндай әрекеттерді  жасаған адамдар татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатыла алмайды. Кәмелетке толмағандарды өлтіргені, зорлағаны, кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі ең ауыр жаза қарастырылған.

Балаларды  ұрлағаны  үшін  бұдан былай 10 жылдан 15 жылға дейін (бұрын 7 жылдан 12 жылға дейін), ал заңсыз бас бостандығынан айыру үшін  5 жылдан 10 жылған дейін (бұрын 5 жылға дейін) бас бостандығынан айыру қарастырылған.  Алғаш рет 16 жасқа толмаған адамдарға жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық  жасағаны  үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Осы нормалар қабылданғанға дейін мұндай жауапкершілік 14 жасқа толмағандарға тиіскені үшін ғана қарастырылған. Ол үшін 200 АЕК-ке дейін айыппұл, түзету жұмыстары немесе 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар не 50 тәулікке дейін қамауға алу көзделген. 

Сонымен қатар айыпталушы белгілі бір лауазымдарды атқару және 3 жылға дейін белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырылуы мүмкін. Балаларды ұрлағаны үшін 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру (бұрын 7 жылдан 12 жылға дейін), ал заңсыз бас бостандығынан айыру үшін  5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру (бұрын 5 жылға дейін) көзделген.

Жаңа заң сонымен қатар суицид жағдайларын азайтуға бағытталған.

Егер бұрын тек өз-өзіне қол жұмсауға итермелегені үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген болса, енді өзін-өзі өлтіруге итермелегені және жәрдемдескені үшін де жауапкершілік қарастырылады. 

Кәмелетке толмағандарға қатысты мұндай әрекеттер 5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеп соғады. Осылайша, бұл шаралар суицидтің алдын алуды да, кінәлілердің жауапкершілігін де күшейтеді.

Жаңа заң педофильдер мен балаларды өлтіру фактісі бойынша өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі ең ауыр жазаны қарастырады.

Қалай десек те заң күшейді, нәтижесі қалай болмақ?  Әрине, жақсылықтан үміттіміз және соған сенеміз. Оны енді уақыт еншісіне қалдырдық.


Сурет ашық дереккөзден алынды


Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: