Кәсіпкерлерге қолдау көрсетіледі, құқығы да қорғалады

4
0


«Атамекен» Шиелі аудандық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен, Қызылорда облысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздық бастаған және мемлекеттік мекеме, құқық қорғау органы, микрокредиттік ұйым өкілдерінен құрылған жұмысшы топ қасиетті Шиелі өңірінің кәсіпкерлерімен кездесті.

Кездесу аясында жергілікті кәсіпкерлер аудандық Мәдениет үйінде өздерінің тігін және тоқыма қолөнер бұйымдарын, кондитерлік өнімдерін, тұрмыстық және құрылыс заттары мен Шиелі шұжығын және майлығын ұсынды.

Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов жүргізді. Палата директоры Пірмұхаммед Сыздық жұмысшы топтың мақсатын түсіндіріп өтсе, Шиелі ауданының прокуроры Нұрбек Қаратаев кәсіпкерлерге арналған инвестициялық жобаларды және жергілікті бизнес өкілдерінің құқығын қорғау шараларына тоқталып өтті.

Жиынға арнайы келген мемлекеттік және кредиттік мекемеөкілдерінен құрылған делегация кәсіпкерлерге арналған жеңілдіктер мен мемлекеттік қолдау шараларына кеңінен түсіндірме беріп, кәсіпкерлердің бірқатар сұрақтарына жауап берді.

Жиыннан соң облыстан келген жұмысшы топ жергілікті атқарушы орган өкілдерімен бірге кәсіпкерлік нысандарды аралап, өндіріс жұмыстарымен танысты.

Алғашқы нысан - тұзды шахта. Жергілікті кәсіпкер Бибінұр Мүталіпова «Ауыл Аманаты» жобасы аясында 8 600 000 теңге қаражат алып, жоба құрылысын іске асырған. Қазіргі таңда тұзды бөлме толығымен іске қосылып, кент тұрғындарының денсаулығын түзету мақсатында жұмыс жасауда.

Сонан соң, делегация «Шиелі шұжық» ЖШС шұжық цехына барды. Жоба бастамашысы Патима Маханбет «Байқоңыр» ӘКК-дан осы жобаға 32 млн теңге несие алған. Жаңа құрылғылар сатып алып, жұмысын жандандырған кәсіпкер бүгінгі күні 5 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Цехта заманауи жабдықталған құрылғылардың арқасында күніне 500 келі шұжық өндіріледі. Жалпы мұнда шұжық өнімдерінің 12 түрі бар. Сондай-ақ, кәсіпкер қазіргі кезде облыс әкімінің қолдауымен 2 процентпен 20 млн теңге несие алған. Ол қаржыға мал, жем-шөп алып, цехқа қажетті ет өндірілуде. Айта кетейік, Патима Маханбет сонымен қатар, Шиелі аудандық кәсіпкерлер палатасының аудандық кеңес төрайымы.

Іссапар соңында қонақтар «Оразбек» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Ботагөз Арқашбаеваның «Ешкі сүтін терең өңдеу» жобасы тәулігіне 50 литр сүтті өңдеуге бағытталған. Шаруашылықта ешкі сүтінен, құрттан, майдан, ірімшіктен, сүзбеден ірімшіктің 4 түрі дайындалып, сатылады. Қазір ешкілердің саны 200-ден асқан. Өнімге деген сұраныс өте жоғары болғандықтан, кәсіп иесі өз бизнесін кеңейтпекші.

Кәсіптің қай түрін болса да игеру оңай емес, осы ретте бизнес өкілдеріне мемлекет тарапынан қолдау ауадай қажет.  Ал дамыған бизнес еліміздің  даму динамикасын көтереді. Шиелі өңірінде кәсіп түрі өте көп екендігі баршаға мәлім. Осы орайда, Атамекен кәсіпкерлер палатасы қашан да кәсіпкерлерге қолдау білдіріп, олардың құқығын қорғап, әрі қарай өркендеуі үшін жол сілтеп келеді. 

Шиелі ауданы бойынша Палатаның өкілі Бекзатхан Бауыржанұлы бүгінгі күні жергілікті кәсіпкерлердің мәселелеріне қанық. Кәсіп иелері оның жұмысына көңілдері толатынын айтуда. Дегенмен, кәсіпкерлердің мемлекеттік деңгейде көтерілуі тиіс мәселелері де жоқ емес, ал олар өз ретінде палатаның Өңірлік кеңес отырысында көтеріліп, шешу амалдары міндетті түрде қарастырылатын болады.


Сурет aikyn.kz.


Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: