Ұрып соғу, жарақаттау, ұрлық, бұзақылық, жол-көлік оқиғалары сынды оқыста болатын төтенше жағдайдың салдары мен оқиға орнындағы бұлтартпас айғақтардан нәтиже шығарып, қылмысты анықтауда Арал ауданы Полиция бөлімінің жедел криминалистка тобының жұмысын ерекше бағалауға болады.
Бүгінгі кейіпкеріміз – осы бөлімнің жедел криминалистика тобының криминалисті полиция аға лейтенанты Нартай Әлібекұлы Нұртаев.
Полиция аға лейтенанты Н.Нұртаев жедел криминалистика саласында еңбек етіп келе жатқанына біршама жылдың жүзі болған.
Нақтырақ айтқанда, жұмыстан қол үзбей жүріп, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетін «құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған Нұртай Әлібекұлы Қазақстан Республикасының Ішкі істер органдарындағы қызметін 2015 жылдан бастаған.
Еңбек жолын 2015 жылы Қызылорда облысы «Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы» мемлекеттік мекемесінің 1- полиция батальонының полицейі болып бастаған. 2016 жылдың шілде айынан бері Арал ауданының Полциия бөлімінің жедел криминалистика тобының техник криминалисті болып жұмыс істеді. 2021жылдан бастап криминалист лауазымында қызмет атқарып келеді.
– Оқиға орнынан алынған айғақ заттар өңдеп, оларға сараптама тағайындау арқылы қылмыстың ашылуына бірден-бір септігін тигізетіні сөзсіз. Айтуға жеңіл көрінгенмен, бұл жұмыстың артында үлкен жауапкершілік пен тұтас тағдыр тұратыны түсінікті. Мұндай жағдайда жедел тергеу тобының жаңылысуына немесе әлдекімнің ығына жығылуына жол болмайды. Себебі, нақты дәлелденген айғақтардың нәтижесінде қылмысқа қарай жаза тағайындалады. Криминалисттің үш қаруы бар. Олар, ең бірінші-адамгершілік, екінші – білім, соңғысы – қызметіне деген адалдық. Бұл салада ұзақ жұмыс істеу үшін асқан төзімділік пен байыпты мінез керек, – дейді криминалист Нұртай Әлібекұлы.
Ол бос уақытында спортпен айналысқанды жақсы көреді, қоғамдық жұмыстарға белсенділікпен қатысады. Өз ісіне мығым, жүктелген міндетіне аса жауапкершілікпен қарайтын қызметкер ұжым арасында сыйлы.
Қызметтік міндетіне адал, жұмысында жоғары көрсеткіштерге ие болғаны үшін бірнеше рет Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Алғыс хатымен, Қызылорда ОПД-нің Грамотасымен, Алғыс хатымен, бөлімнің және аудан әкімдігінің Алғыс хатттарымен, сондай-ақ, «Жедел криминалистика саласына 100 жыл» және «Тергеу қызметіне 60 жыл» мерекелік медалімен марапатталған. Сондай-ақ, 2020 жылы кәсіби дайындығы бойынша жақсы нәтижеге қол жеткізіп, «1- сыныпты маман» біліктілігі берілген.
Ол – жас отбасының тірегі, өмірлік жары Гүлжанат Қайрбаевамен бірге 3 бала тәрбиелеп отырған үлгілі отағасы.
Сурет Арал аудандық ПБ