Тегеурінді тергеуші

22
0


Жас та болса  өзінің жұмысына деген жауапкершілігі мен тынымсыз еңбегінің арқасында қатарларынан оза шауып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп жүрген өз ісінің майталман маманы – Қызылорда қаласы Полиция басқармасының тергеу бөлімінің тергеушісі полиция лейтенанты Мағжан Махсатұлы Махсатов.

Мағжан Махсатұлы  2001 жылы  Қызылорда облысы, Арал ауданында дүниеге келген. Мектепті жақсы тәмамдаған ол бала кездегі арманына қол жеткізу  үшін заң саласын таңдап, Қазақстан Республикасы Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясына оқуға түсіп, оны  үздік бітірген.

2023 жылдың мамыр айында Қызылорда қаласы Полиция басқармасының тергеу бөлімінің тергеушісі лауазымына тағайындалған күннен бастап тыңғылықты жұмысы мен кәсіби деңгейінің арқасында ұжым арасында абыройлы, жұмыста  іскерлігімен көзге түсіп, үлгілі дәрежеде қызмет атқарып келеді.

Оның бірден-бір дәлелі – Қазақстан Республикасы Ішкі істер Министрлігімен бекітілген тергеушілердің жеке рейтингін анықтау әдістемесін бекіту туралы бұйрығына сәйкес, биылғы 4 айда өндірісіндегі қылмыстық істерге барынша процестік шешім қабылдап, заңды баға берген ол ұшқыр ойымен, зеректігімен оңтайлы көрсеткіштерге қол жеткізіп, қырағылығымен көріне білді.

Жас тергеушінің тәлім-тәрбиесі, ұшқан ұясы жайлы тоқтала кетсек артық етпес. Ұлы ойшыл Әбу Насыр Әл-Фараби: «Адамзатқа әуелі тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деген ғой.

Әкесі –Махсат Ерғазыұлы Жұбаныш  «PSI ENGINEERING» ЖШС мекемесінде көлік механигі қызметін абыройлы  атқарып жүрген қарапайым азамат. Анасы – Әлия Байтаққызы Жұбаныш  «Отбасы банк» АҚ-ында халыққа қызмет көрсетіп, елдің алғысына бөленіп жүрген жан.

«Әке көрген оқ жонар» дегендей, Мағжан қызмет барысында отбасында ата-анасынан алған тәрбиесі  мен білімін ұштастырып, жүктелген міндетін үлкен жауапкершілікпен атқарып жүр.  Қызмет барысында адамдармен тіл табыса білуі, олардан жауап алу кезінде өзіндік стилін қалыптастырып, адам өміріне қасақана ұйымдастырылған (бұзақылық, алаяқтық, тонау, қарақшылық және тағы да басқа) қылмыстарды тергеуде оң шешімін табуда.

Қиыны мен қызықшылығы қатар жүретін бұл салада өзінен кейінгі жас тергеушілерге үлгі  болып жүрген Мағжанға әрдайым абыройың арта берсін деп тілейміз.

Сурет ПД


Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: