Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің аудандық, қалалық пробация қызметінің есебінде 1000-нан астам азамат пробация бақылауында тұрады. Олардың арасында сот жүктеген міндеттерді орындамай, жаза өтеуден жалтарып жүргендер де кездеседі. Пробация инспекторлары жүргізген профилактикалық жұмыстардан нәтиже шығармаған сотталғандар сот қаулысымен түзеу мекемесіне жіберілуде. Жыл басынан бері 56 сотталушы түзеу мекемесіне жіберілген.
Жуырда Қызылорда қалалық пробация есебіндегі тағы бір азамат қауіпсіздігі барынша жоғары түзеу мекемесіне жіберілді. Оған сот үкімімен ҚР ҚК-нің 296 бабының 4- бөлігі, 300-бабының 2-бөлігімен 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы кесіліп, жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерінде өтеу белгіленді.
Былтыр Қызылорда қалалық №2 сотының қаулысымен 3 жыл 2 ай 7 күн мерзімі бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырылып, осы мерзімге пробациялық бақылау белгіленген. Пробация қызметіне есепке алу барысында қызметкерлер сотталған азаматқа жазаны орындау тәртібі, сот жүктеген міндеттерді орындау мен пробациялық бақылаудың шарттарын егежей-тегжейлі түсіндіріп, жаза тәртібін бұзған жағдайда бас бостандығынан айырылатынын ескерткен болатын. Электронды бақылау құрылғысы да тағылған. Алайда, ол заң талаптарына бағындай, әкімшілік құқықбұзушылық жасауына электронды құрылғы да кедергі келтіре алмады. Бірнеше рет ескерту жасалса да тұрғылықты мекенжайын тексеру барысында себепсіз мекенжайында болмаған. Соңғы рет тұрмыстық-отбасылық жанжал шығарып, әкімшілік хаттама толтырылған. Қызылорда қалалық пробация қызметі оның бас бостандығын шектеу жазасының бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру туралы сотқа ұсыным жолдаған. Сот қаулысымен жаза өтеу тәртібін қаскөйлікпен бұзғаны үшін оның шектеу жазасының өтелмеген бөлігі 2 жыл 1 ай 17 күнге бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды. Қаулы заңды күшіне енген.
Сурет облыстық ҚАЖ департаментінен