Айдар Қасанов : «Адамдарға көмектесу – біздің тікелей міндетіміз»

18
0

«Алғыс айту» күніне орай, жылдағы үрдіспен Қызылорда қаласы Полиция басқармасының бас полицейі  Айдар Демегенұлы Қасанов және басшылық құрам Қызылорда облыстық қан орталығына барып, қызылордалықтардың өмірі мен денсаулығын құтқаруға өз үлесін қосу үшін  ерікті түрде донор болып, қан тапсырды. Бұл құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қатысуымен ұйымдастырылған бірінші қайырымдылық акциясы емес.

«Бір донор-бір өмір» деп бекер айтылмаған, полиция қызметкерлерінің бұл іс-әрекеттері біреудің анасы мен әкесінің, баласы мен ағасының өмірін сақтап қалуға көмектеседі.

« Полиция жұмысы күн сайын қауіп-қатермен байланысты, сондықтан да құқық қорғау органдарының қызметкерлері дертке тап болған адамдарға уақытында көмек көрсетудің қаншалықты маңызды екенін басқалардан жақсы біледі. Өз елінің адал азаматтары ретінде, полиция қызметкерлері ауруханалық төсекте қайғыға душар болған адамдарға тек қана денсаулық тілейді. Бұндай іс-шарадан қалыс қалғымыз келмейді, себебі адамдарға көмектесу – біздің тікелей міндетіміз», -дейді Айдар Қасанов .

Дәрігерлер де полицейлерді мінсіз донор екендігін айтады. Себебі олар денсаулығына жіті көңіл бөліп, медициналық тексерулерден үнемі өтіп тұрады.

«Біз полиция басқармасының барлық донорларына шын жүректен алғыс айтамыз! Барлық қызметкерлерге мықты денсаулық және көтеріңкі көңіл-күй тілейміз! Жақсы үлгі көрсеткендері үшін рақмет! Біздің донорларымызға амандық пен табыс тілейміз", – деді қан орталығының директоры  Серік Игембаев.

Акцияға қатысып, қайырымдылық пен игі істің ұйытқысы болған полиция қызметкерлері жұмыс орындарына, яғни қоғамдық тәртіп пен қаланың жол қауіпсіздігін сақтауға аттанды.


Сурет ашық дереккөзден алынды

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: