Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы полиция полковнигі Ілияс Байжұманұлы Жұмағұловтың облыс тұрғындары алдында есептік кездесуі өтті.
Ілияс Байжұманұлы есептік кездесу барысында тікелей эфирде тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.
«Алқа мәжілісінде Президент «Заң және Тәртіп» қағидатын біржола орнықтыруда полицияның айрықша рөл атқаратынын, мемлекетте заң талаптары мүлтіксіз орындалуы керектігін және заң бұзған кез келген адам жазасын алуға тиіс екенін атап айтты. Мемлекет басшысының пікірінше, құқықтық сауаттың төмен болуы жағымсыз үрдістердің белең алуына әкеп соқтырады.
Ел ішіне іріткі салатын, қауіп төндіретін әрекеттерді ақтауға қатаң тосқауыл қою керектігін, құқықтық нигилизмге, яғни заң үстемдігін жоққа шығаруға жол берілмеу керектігін, заңға деген құрмет адал азаматқа тән қасиеттің бірі ретінде дәріптелуі қажет екендігін айтып, бұл – мемлекеттік органдарға ғана емес, барша халыққа ортақ міндет деп санайтынын жеткізді.
Заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз ету – Әділетті Қазақстанды құрудың басты шарты деп, құқық қорғау органдарына құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесіне баса мән беруді міндеттеді. Сонымен қатар, қоғамның талап-тілегіне құлақ асып, шұғыл әрекет ете білетін полицияның сервистік моделінің негізгі қағидаттарын іс жүзінде жүзеге асыру қажеттігін айтты.
Осы ретте, біздің тарапымыздан Мемлекет басшысы алға қойған міндеттердің сапалы орындалуына, елімізде заң үстемдігі мен әділдікті сақтауда нақты нәтижелерге бағытталған шаралар қабылдануда»,– деді Ілияс Байжұманұлы.
Сонымен қатар ол қылмыстық ахуал мен қылмыстық құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы атқарылған жұмыс туралы айтып өтті.
Оның айтуынша, өткен жылы облыс көлемінде қабылданған шаралар нәтижесінде қылмыс саны төмендеп, қылмыстық ахуал тұрақтанған.
Қазіргі уақытта отбасындағы зорлық-зомбылық тақырыбы ең өзекті мәселелердің бірі. Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық деңгейін төмендету бойынша белсенді қадамдар жасалуда. Былтыр тұрғындардан отбасы тұрмыстық қарым-қатынастар саласындағы 5156 арыз қаралып, 651 азаматқа ерекше талаптар белгіленіп, 2249 қорғау нұсқамасы шығарылған.
Қылмыстарға жол бермеуге бағытталған «Тұрмыс», «Қадағалау», «Зорлық-зомбылыққа жол жоқ», «Профилактика апталығы», «Квадрат», «Алкоголь» профилактикалық шаралары ұйымдастырылған.
Тікелей эфир барысында өткен есеп беру кездесуі барысында Ілияс Байжұманұлы бүгінгі күні қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі –жасөспірімдер арасындағы қылмыстылыққа жіті тоқталып өтті.
Өткен жылы 68 қылмыс тіркеліп, 84 жасөспірім қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде, 24 мектеп оқушысы, 52 колледж студенті болса, 8-ін жұмыссыздар немесе еш жерде оқымайтындар құраған.
«Түнгі уақытта (сағат 22:00-ден кейін) заңды өкілсіз ойын-сауық және тұрғын жайдан тыс (сағат 23:00-ден кейін) жүрген 5745 жасөспірімнің ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Міндеттерін орындамаған 363 ата-анаға әкімшілік хаттама рәсімделіп, 143 жасөспірім полиция есебіне алынды. Рейдтік шаралар барысында түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуына жол берген 137 кәсіпкер, жасөспірімге алкоголь өнімін сатқан 10 сатушы анықталды», – деді Ілияс Байжұманұлы.
Тікелей эфир барысында Ілияс Байжұманұлы тәртіп сақшылары мен халық арасындағы өзара іс-қимылды жандандыру полиция қызметінің ашықтығы мен тиімділігін арттыратынын алға тартты. Сондай-ақ, тұрғындардың сауалдарын, толғандырған мәселелерін мұқият зерделеп, түйткілді мәселелерін жақын арада шешуге тырысатынын жеткізді.
Insight-EL.kz ақпарат.
Сурет ашық дереккөзден алынды