Қызылорда облысы полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Махсудхан Нұғманұлы Аблазимов облыс тұрғындары алдында есептік кездесу өткізді. Дәстүрлі есеп беру жиынында облыстың бас полицейі ең өзекті жұмыс процестері туралы баяндама жасады, сондай- ақ, өңір тұрғындарын қызықтыратын барлық сұрақтарға жауап берді.
Есептік кездесу Полиция департаментінің «Facebook» әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында тікелей эфирде өтті.
Онлайн кездесу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Орталық атқарушы органдар басшыларының халықпен кездесулерін өткізу туралы» жарлығын іске асыру барысында қазақстандық қоғамды одан әрі демократияландыру, халықтың елде жүргізіліп жатқан реформалар туралы хабардар болуын арттыру, атқарушы органдардың халық алдындағы жауаптылығы мен есептілігін күшейту, мемлекеттік басқару процесіне халықты кеңінен тарту мақсатында өтті.
Есептік кездесудің өтуі жөнінде әлеуметтік желілерде және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында алдын ала арнайы хабарландыру жарияланып, облыс тұрғындары өз сауалдарын әлеуметтік желілер арқылы жолдауларына мүмкіндік алды.
Кездесуге барлық басқарма, бөлім басшылары қатысып, өз салаларына тиісті сұрақтарға жауап берді. Одан бөлек, барлық аудандық полиция бөлімдері бейнеконференц арқылы байланыста болды.
Халық алдында есеп беру кездесуін Махсудхан Нұғманұлы ашып, қылмыстық ахуал мен қылмыстық құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар туралы айтып өтті. Тікелей эфирге қосылған облыс тұрғындарының назарына есепті мерзімде атқарылған жұмыстар қамтылған бейнеролик пен слайдтар ұсынылды.
– Қылмысқа қарсы күрес және құқық тәртібін қамтамасыз ету ісінде оң көрсеткіштерге қол жеткіздік. Тіркелген қылмыстар 9 пайызға төмендеді. Қабылданған профилактикалық шаралардың нәтижесінде қоғамдық орындарда, көшелерде, отбасы-тұрмыстық саласында жасалған қылмыстардың орын алуы төмендеді,– деді департамент бастығы.
Махсудхан Нұғманұлы тікелей эфир барысында жол қауіпсіздігіне де аса көңіл бөліп, алдын алу шараларына тоқталып өтті.
– Талдау көрсеткендей, көлік оқиғаларының басты себебі жылдамдықты арттыру, қарсы бағытқа шығу, автокөлікті мас күйде басқару. Полиция департаменті жол- көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында оңды шараларды қолға алып отыр. Жолда жүру ережесін бұзудың
47 мыңнан аса дерегі анықталса, оның 20 958-і жол апатына тікелей әсер ететін өрескел құқық бұзушылықтар. Жүргізушілер арасында көлік құралын масаң күйде басқару дерегі әлі күнге дейін азаймауда. Есепті мерзімде 150 азаматтың мас күйінде көлік жүргізгені анықталып, тиісті шаралар қабылданды. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында күнделікті талдаумен осал жерлер нарядпен тығыздалды. Тұрақты және үздіксіз жедел-профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылып, жүргізілуде,– деді М.Аблазимов.
Есеп беру барысында департамент бастығы соңғы уақытта алаяқтық фактілерінің көбейгендігін айтты. Цифрландырудың енуі ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы жасалатын алаяқтық қылмыстардың көбеюіне әсер етті.
– Бүгінде аса назар аударатын факторлардың бірі – киберқылмыстар. Қазіргі уақытта заманауи киберқылмыстың алдын алу, онымен күресті одан әрі күшейту мақсатында «Киберпол» арнайы тобы жұмыс атқаруда. 2024 жылдың 3 айында интернет-алаяқтықтың 52 дерегі тіркелген. Бізбен еліміздің басқа өңірімен іздеуде жүрген 1 тұлға интернет-алаяқпен ұсталды. Тергеу барысында жәбірленушілерге 1 млн. 500 мың теңгеден астам материалдық залал өтелді,– деді департамент бастығы.
Осы санаттағы қылмыстардың көбейгендігін айта отырып, Махсудхан Нұғманұлы облыс тұрғындарын сақтық шараларға ерекше назар аудару қажеттігін ескертті.
– Мемлекет басшысы қоғамда әділдік пен тәртіп орнату үшін құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік жүктелгенін айтты. «Заң және тәртіп» қағидатын орнықтыру, кез келген құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік жағдайын қалыптастыру мақсатында тиісті шаралар атқарылуда. Бүгінгі шара барысында көтерілген мәселелердің барлығы да өзекті. Жыл басынан атқарылған жұмыстардың оң нәтижесін көру үшін нақты жоспармен жұмыс жасаймыз. Қызметкерлеріміздің басты назары құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алуға, өздерінің негізгі міндеттерін орындауға бағытталған. Себебі қолға алынған әрбір іс нәтижелі болуы тиіс,– деді М.Аблазимов.
Жалпы онлайн есеп беру барысында полиция генерал-майоры Махсудхан Нұғманұлы қоғамдық тәртіпті сақтау, есірткі қылмыстары және олардың алдын алу жұмыстары, тұрмыстық зорлық -зомбылықтың алдын алу, бөтен мүлік ұрлығы, жол қауіпсіздігі, тәртіп пен заңдылық бағытында сөз қозғап, баяндап берді.
Үш айлық белесті бағалап, алдағы жоспарларды айқын жеткізген департамент басшысы есептік кездесуді халықтың ұсыныс -пікірін, өтініш -тілегін тыңдаумен жалғады.
Халықпен кері байланысты тиімді орнатуға бағытталған шара барысында ниет білдірген әр азамат өзін қызықтырған сауалын қойып, Департамент бастығынан тиянақты жауап ала алды. Тікелей эфирге қосылған желі қолданушылары тарапынан түрлі мазмұнда сұрақтар қойылып, пікірлер мен ұсыныстар түсті.
Тұрғындардың талап – тілегін мұқият тыңдаған полиция генерал-майоры Махсудхан Аблазимов әр мәселенің назардан тыс қалмай, уақтылы шешімін табатындығын айтты. Арнайы құрылған топқа тапсырма берді.
Кездесу соңында Махсудхан Нұғманұлы облыс тұрғындарына белсенді ұстанымы және онлайн кездесуге қатысқандары үшін алғысын білдірді.
Сурет Қызылорда облысы полиция департаментінен