Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінде есірткі заттарын өндіретін адамдардың жазасын барынша қатайту керектігін ұсынды.
«Біз мынадай бес кеселмен бүкіл ел болып күресіп, біржола тосқауыл қоюымыз керек. Алдымен, есірткі саудасы, соның ішінде синтетикалық есірткі айналымы. Өкінішке қарай бұл індет жаппай белең алып барады. Нашақорлық, әсіресе, балалар арасында тез белең алып, жастарымыз уланып жатыр. Есірткімен күрес белсенді жүргізілмесе, ертең бәрі кеш болуы мүмкін. Қазір есірткі сатқан қылмыскер қатаң жазаға тартылады. Менің ұсынысым: Есірткі заттарын өндіретін адамдардың жазасын барынша қатайту керек» деді Президент.
Онан бөлек, мемлекет басшысы жыл басындағы Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында еліміздегі есірткі қылмысына қарсы тосқауылды күшейтуді тапсырған болатын. Бұл бағытта жұмыстар барлық өңірде жанданды. Ұлт денсаулығы мен болашағына қауіп төндіретін кеселмен күресу – ортақ міндет.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, осы жылдың 3 айының қорытындысымен 45 есірткі қылмысы тіркелген. Оның ішінде өсіру - 1, өткізу- 7 , аса ірі көлемде сақтау- 1 , жарнамалау- 1. Заңсыз айналымнан 1 кг 996 гр. есірткі заты алынған, оның ішінде 24,812 гр. синтетикалық есірткі заттары тәркіленген. Есепті мерзімде есірткі қылмысын жасағаны үшін барлығы 154 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Жүргізілген жедел іздестіру шаралар барысында үй ауласындағы жылыжайдан сора өсімдігін өсіріп марихуана өндірген қала тұрғыны құрықталып, фитозертхана анықталып, тінту барысында 214 түп сора өсімдігі мен 5 келіден аса марихуана және «гашиш» есірткі заттары дәлелдеме ретінде алынған.
Есірткінің синтетикалық түрін анықтау мақсатында жүргізілген жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде «меф» және «a-PVP» синтетикасын аса ірі мөлшерде тасымалдаудың 2 дерегі анықталып, Қызылорда, Ақмола және Ақтөбе облыстарының тұрғындары құрықталды. Сонымен қатар, адам ұрлау және бопсалау деректері де анықталып, қазіргі уақытта тергеп-тексеру әрекеттері жүргзілуде.
Облыс орталығында полицияның кешенді күштері күнделікті нарядтарда көп қабатты үй аулалары, гараждар мен құрылыс аумақтары арасында тексеру жұмыстары үнемі жүргізеді. Жедел басқару орталығының бейнекамералары арқылы да шолу жұмыстары жүргізіліп, есірткі жарнамалаудың 1 дерегі анықталған.
Осы орайда есірткіге қатысты тойтарыстың Сыр өңіріндегі сипатына нақтырақ тоқталсақ.
Каннабис өсімдіктері ауа райы ыстық әрі құрғақ жерлерде жақсы өседі. Бұған ең қолайлы орта – Қызылорда облысының далалық аймақтары. Каннабис өсімдіктері – есірткінің тал сияқты өсіп тұрған табиғи қалпы. Ол жетіліп-пісіп, өңделгеннен кейін марихуана пайда болады. Каннабис өсімдіктері үш жарым айда толық өседі. Ал марихуананың кептірілген майда ұнтақ түрі гашиш деп аталады. Былтыр Қызылорда облысында екі тоннадан астам каннабис өсімдігі, 135 келі марихуана, 66,3 грамм гашиш тәркіленген. Тәртіп сақшыларының есірткі қылмысына қарсы қарқынды жұмысына қарамастан, бұл қылмыс түрі тыйылар емес.
Жыл сайын есірткіге қатысты қылмыс түрлері түрлене түседі. Қазір жастардың көбі «синтетикаға» тәуелді. Жағымсыз жайт Сыр өңірінде де белең ала бастады. «Синтетикаға» елітушілік солтүстік өңірлерде жоғары, ал оңтүстік аймақ тұрғындарының тіршілігіне енді ене бастады. Бұл өңірде оны жеткізіп, жұмыс түріне айналдырған тасымалдаушылар да – теріскейден келгендер. Мәселен, жақында дәл осындай жағдай орын алды. Қызылорда қаласына келген ақмолалық азамат синтетикаға сұраныс танытқандарға синтетикалық есірткіні жеткізіп отырған. Жиырма жастағы жігіт бұрыннан нашар отбасынан шыққан азамат ретінде есепте тұрған. Қызылордалық полицейлер оны қаладағы хостелдердің бірінен ұстап, ҚР ҚК 297-бабы 1-бөлігімен қылмыстық іс қозғады. Оның тұрып жатқан жерінен синтетикалық заттар табылды. Күдікті азаматтың ұялы телефонына тінту жүргізіліп, нәтижесінде оның осы уақытқа дейін қаланың он нүктесіне есірткі тасымалдағаны белгілі болды. Есірткі тасымалдаушының көрсеткен мекенжайлары бойынша он орынның сегізінен есірткі заттары анықталып, заттай дәлелдеме алынған. Айып тағылған азамат өткен жылдың соңында Қызылорда қаласына дәнекерлеуші болып келіп, тұрмыстың тапшылығына байланысты «DarkNet» желісі арқылы синтетика тасымалдайтын жұмыс тапқан. «Akela» телеграм каналында Николай Наумов есімді никтың тапсырмасы бойынша есірткі затын таратқан. Сараптаманың қорытындысымен одан жалпы салмағы 9,94 грамм құрайтын синтетикалық есірткі түрі тәркіленді. Қазіргі таңда күдікті уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынып, тергеу әрекеттері жалғасуда.
Өткен жылы облыста 113,9 грамм «синтетика» есірткі нарығынан алынған. Қазір жастар құмартатын «синтетиканың» бағасы нарықта – 22-24 мың теңге аралығында. Оның бір грамға жетпейтін мөлшерінің бір қолдануға тұрарлық әсері бар.
Жыл басынан бері синтетикалық есірткіні тұтынуды және оны таратуды жұмыс күші ретінде насихаттаған 20 телеграмм бот бұғатталған. Былтыр бір жылдың ішінде осындай арнаның 70-і жабылған.
Қызылорда облысында табиғи ерекшеліктеріне байланысты көбіне жасырын есірткі алқаптары кездеседі. Жыл сайынғы жарты жылға созылатын «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында есірткі бапталған түрлі орындар әшкере болады. Атап айтсақ, былтыр «Қарасора» кезінде далалық аймақтардан ірі көлемде 10 мың түп каннабис өсімдігі табылған. Шара аясында өңірдегі тәртіп сақшылары аймақтағы ахуалды тікұшақпен бақылап, күдікті орындарды іздейді. Қызылқұм, Қарақұм аймақтары құмды, шөлейтті ыстық жер болғандықтан, кесірлі өсімдіктің тұқымы да тез тарайды. Өкінішке орай, Әмудария мен Сырдария аралығындағы құмды алқаптың сырын ішіне бұққан осындай жағдайлары да бар. Каннабистік өсімдіктен таралатын есірткі түрлерін орта жастағылар жиі тұтынса, жастар – синтетиканың соңында.
Осы орайда Қызылорда облысы полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Ардақ Әбішұлы синтетикадағы сауда айналымына кеңінен тоқталды.
– Синтетикалық есірткіні сатушы мен алушының ортасындағы адамдарға бөлек тоқталып өткім келеді. Қарап отырсаңыз, интернетте оңай табыс табу туралы хабарландырулардан көзің сүрінеді. Көбіне онда желілік маркетингке немесе алаяқтық схемаларға шақыру болғанымен, олардың арасында қауіпті ұсыныстар да бар. Мұндай хабарландырудың артында құрамында есірткі және психотроптық заттарды әр жерге қойып кету үшін курьер жұмысының жасырын ұсыныстары да кездеседі. Жасөспірімдер мұндай ұсыныстардың қармағына ілініп, жеңіл ақша табу мүмкіндігі туралы ойлай бастайды. Есірткі сатушылардың жазасыздық туралы жалған уәделеріне сенеді. Бүгінде есірткіні әр жерге тығып кету тәсілімен сату әдістері, дилер немесе делдалмен кездесу толығымен жойылды. Кепілгер (закладчик, минер, кладмен, курьер) келісім бойынша белгілі бір жерге шағын пакетті орналастырады, ал тапсырыс беруші тауарды еш қиындықсыз алады. Тығып кеткен есірткі заты «закладка» деп аталады. Ол – белгіленген жерге жасырын орналастырылған кішкене герметикалық пакетке салынған есірткі заты, – деді полиция подполковнигі Ардақ Дөненов.
Синтетикалық есірткі схемасы еліміздің бір ғана өңірінде ғана емес, барлық аймағында осы үрдіспен жүргізіледі. Қанша жерден есірткі қылмысына тосқауыл табанды түрде жүргізілсе де, жеңіл ақшаға құныққандар есірткі айналымының толықтай жолын бөгеуге мүмкіндік берер емес. Ендеше есірткіге табанды тойтарыс толастамайды.
Сурет ашық дереккөзден алынды.