Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексіне сәйкес, некені бұзу тіркеуші органдар және сот органдары арқылы жүзеге асырылады.
Ортақ кәмелетке толмаған балалары жоқ ерлі-зайыптылардың некесін бұзуға өзара келіскен кезде және араларында мүліктік, өзге де наразылықтар болмаған кезде некені бұзу тіркеуші органдарда жүргізіледі.
Сонымен қатар, ерлі-зайыптылардың кәмелетке толмаған ортақ балаларының болуына қарамастан, егер басқа жұбайы сот «әрекетке қабілетсіз», «әрекет қабілеттігі шектеулі», «хабар-ошарсыз кетті» деп таныған, кемінде үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға қылмыс жасағаны үшін сотталған болса, ерлі-зайыптылардың бірінің өтініші бойынша тіркеуші органда некелері бұзылады. Егер өтініш берген кезде ерлі-зайыптылардың кәмелетке толмаған балалары болса, олардың ортақ бірлескен меншігі болып табылатын мүлікті бөлу туралы, еңбекке жарамсыз мұқтаж жұбайына берілетін күтіп-бағу төлемі туралы дау және бір-біріне өзге де шағымдары бойынша ерлі-зайыптылар некені бұзу үшін сотқа жүгінеді.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2019 жылғы 25 қарашадағы заңына сәйкес тіркеу тәртібін оңайлату, азаматтардың уақытын үнемдеу және ұсынылатын құжат тізімін қысқарту, сонымен қатар, бірқатар мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа көшіру көзделген.
Егер неке 2019 жылғы 10 желтоқсаннан кейін сот шешімінің негізінде бұзылған болса, некені бұзу таралы акт жазбасы тіркелмейді, заңды күшіне енген некені бұзу туралы сот шешімі АХАЖ ақпараттық жүйесіне «Төрелік» Жоғарғы сотының ақпараттық жүйесінен келіп түседі және неке қию туралы акт жазбасына автоматты түрде «неке бұзылды» деген белгі қойылады. Осылайша бұл жүйе АХАЖ ақпараттық жүйесінде автоматтандырылған және азаматтардың қатысуын талап етпейді.
Ал, 2019 жылғы 10 желтоқсанға дейінгі кез-келген тіркеуші органның немесе некені бұзу туралы сот шешімі негізінде некені бұзу туралы акт жазбалары тіркеледі не болмаса неке бұзу туралы акт жазбасы толықтырылады және некені бұзу туралы акт жазбасында міндетті түрде некені бұзу туралы белгі қойылады.
Порталдан алынған неке қию туралы электрондық анықтама жеке кабинетте бірнеше рет пайданлану үшін қолжетімді. Сондай-ақ, 2019 жылғы 10 желтоқсанға дейінгі неке бұзу туралы акт жазбаларды өзектендіру қызметі бойынша тіркеуші органға электронды түрде өтінімдер беру арқылы жүгінуге болады.
Г. Досмағанбетова,
Әділет департаментінің бас маманы
Сурет ашық дереккөзден алынды