Қала көлемінде мамыр айының 2-4 күндер аралығында «Мигрант» жедел профилактикалық іс - шарасы өтуде.
Жедел-профилактикалық іс-шараны ұйымдастырудағы мақсат – қала көлемінде заңсыз көші-қондылық арналарын анықтау және жолын кесу, қоғамдық тәртіпті сақтау, сонымен қатар көші-қондылықты бақылау жұмыстарын жүзеге асыру кезінде құқық бұзушылықтар мен қылмыстарға жол бермеуге бағытталған кешенді шараларды қабылдау.
Іс-шара барысында қала аумағына келген шетелдіктердің көші-қон заңнамаларын бұзу деректерін анықтау, оларды әкімшілік жауапкершіліктерге тарту, іздеуде жүрген қылмыскерлерді анықтау үшін шетелдіктердің уақытша тіркелген мекен-жайларын, салынып жатқан құрылыс нысандары, базарлар мен дәмханалар тексеріліп, рейдтік іс-шаралар жүргізілуде.
Қызылорда қалалық полиция басқармасының мәліметінше, іс-шараның бір күнінде 67 заң бұзушылық анықталды.
Нәтижесінде көші-қон заңнамаларын бұзған ҚР ӘҚБтК-нің 517 бабымен, яғни, шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның ҚР халықтың көші-қон саласындағы заңнамасын бұзуы бойынша 55 шетелдік анықталған.
Сонымен қатар ҚР ӘҚБтК-нің 518 бабымен, яғни, шетелдіктерді және азаматтығы жоқ адамадарды қабылдайтын жеке немесе заңды тұлғалардың ҚР-ның халықтың көші-қон саласындағы заңнамасын бұзуы бойынша 10 ҚР азаматы және ӘҚБтК-нің 519 бабымен, яғни, шетелдік жұмыс күшін және еңбекші көшіп келушілерді ҚР заңнамасын бұза отырып тарту, шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның ҚР еңбек қызметін заңсыз жүзеге асыруы бойынша 1 ҚР азаматына әкімшілік шаралар көрілген.
Осыған байланысты, аталған бағыттағы жұмыстарды жандандыру үшін көші-қон қызметі бөлімінің қызметкерлері нақты тапсырмалар бойынша тиісті ұйымдастырушылық шаралар қабылдауда.
Сурет ашық дереккөзден алынды.