Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен білім саласының өзекті мәселелеріне арналған кеңейтілген мәжіліс өтті. Оған облыстық мәслихат төрағасы, облыс прокуроры, полиция департаментінің бастығы, құқық қорғау органдарының, департамент және басқармалардың басшылары, қала және аудан әкімдерінің жауапты орынбасарлары, ата-аналар комитетінің өкілдері, мектеп директорлары, олардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты. Аудан әкімдері мен активі бейнебайланыс режимі арқылы қосылды.
Еске салсақ, жас ұрпақ тәрбиесі талқыға салынған мұндай жиын биыл қатарынан екінші жыл өткізілуде. Облыс көлеміндегі, аудандар мен қаладағы тәрбиеге қатысты түйткілдер күнделікті бақылаудан, жауаптылар назарынан тыс қалған емес.
Аймақ басшысы ұрпақ тәрбиесі әрдайым өзектілігін жоймайтынын атап өтіп, қоғамдағы келеңсіз жағдайлардың жиілеуіне алаңдаушылық білдірді.
– Мемлекет басшысы «Мектеп – білімнің ғана емес, тәлім-тәрбиенің ордасы. Баланың бойына біліммен қатар адамгершілік құндылықтарын сіңіру – ұстаздың міндеті. Осыған орай балабақшадағы және мектептегі тәрбие ісіне бәріміз қоғам болып мән беруіміз керек, сондай-ақ белсене атсалысуымыз қажет» – деп, бұл саладағы жауапкершілікті одан әрі күшейткен болатын. Ұрпаққа сапалы біліммен қатар, саналы тәрбие беру – жұмыстың негізгі бағыты. Бұқара болып бірігіп, бұзақылықты тыя алмасақ, соңы небір өкінішті жағдайларға әкеп соғуы ықтимал. Орын алған ауыр жағдайлар осыған дәлел.
Бүгінде кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалған қылмыс саны 30-дан 26-ға азайғанымен, ауыр қылмыс саны артқан. Жыл басында Сырдария ауданының Амангелді ауылында, наурыз айында Қызылорда қаласының Белкөл кентінде, кеше Шиелі ауданының Қодаманов ауылында болған бала өлімі ешкімді бей-жай қалдырмауы тиіс. Балалардың құқықбұзушылығынан бөлек, педагогтер арасынан да қылмыстық әрекетке барғандар шықты. Бұл – қаймағы бұзылмаған, қалың қазақ ұйысқан Сыр жұртшылығы үшін үлкен сын», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Облыс әкімі аталған деректер бойынша шұғыл шешім қабылдап, тиісті шара қолдануды талап етті. Атап айтқанда, Шиелі ауданы әкіміне қатаң сөгіс жарияланса, аудандық білім бөлімінің басшысын, мектеп директорын, учаскелік инспекторды қызметінен босату туралы тапсырма берілді. Сондай-ақ, Сырдария ауданының әкімі де қатаң сөгіс алды. Ал, облыс әкімі аппаратына қылмыстың алдын алу үшін барлық ауылға мониторинг жүргізуді жүктеді.
Кеңейтілген мәжілісте облыс прокурорының орынбасары Нұрболат Дүйсенбаев, полиция департаменті бастығының орынбасары Ілияс Жұмағұлов, білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов атқарылған жұмыстарды баяндады.
Мұнан бөлек, мәжілісте балалар қауіпсіздігі мәселесі талқыланды. Жуырда Жалағаш ауданы Қаракеткен ауылынан Түркістан қаласына саяхаттауға шыққан, оқушылар мінген микроавтобустан өрт шыққаны белгілі. Аймақ басшысы сақтық шараларының маңыздылығын назарға салып, жазғы демалыс кезінде жол қауіпсіздігін жіті қадағалауды міндеттеді.
Жиында тұрақты рейдтерді күшейту, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде құқықбұзушылық, буллинг, лудоманияның зияны, тағы да басқа тақырыптарды ақпараттандыру, кәмелет жасына толмағандар арасындағы профилактикалық жұмыстар бойынша тапсырмалар берілді.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жиынға қатысушыларды білім сапасын арттыруға, балаларға жайлы және қауіпсіз орта қалыптастыруға шақырды.
– Әріптестер, білім беру саласына қойылатын негізгі 2 ғана талап пен міндет бар. Оның бірі – сапалы білім беру, екіншісі – саналы тәрбие беру. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда жас ұрпақтың тәрбиесіне ерекше тоқталды. Өскелең ұрпақ пен жастарға зиялы қауымның, ақсақал-абыздарымыздың сөзі өтімді. Бала тәрбиесіне тек ата-ана, мұғалім ғана емес, қоғам болып атсалысуымыз керек.
Биылдан бастап өңірдің барлық елді мекеніндегі 171 мәдениет үйі жанынан жастарды отаншылдық және мемлекетшілдікке, патриоттыққа тәрбиелейтін, түрлі бағыттағы үйірмелері бар «Адал адам» орталықтары құрылып, жұмыс жасауда. Осыған қарамастан, жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылық, өзге де келеңсіз жағдайлар толастар емес. Соңғы уақытта оқушылардың электронды темекіге әуестенуі, өз-өзіне қол жұмсауы, ерте жүктілік, ойынқұмарлық, топтық төбелестер мен әлімжеттік жиі көрініс беруде. Отбасында бүлдіршіндер мен жеткіншектердің интернетке тәуелділігі белең алып, спорт пен шығармашылықты дамытуға бағытталатын алтын уақыт зая кетуде. Бұл барша ата-ананың басты уайымына айналды, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Облыс әкімі ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрді кеңінен насихаттаудың рөлін ерекше атап өтіп, облыстық білім басқармасына мектептер мен колледждерде «Аналар академиясының», «Әкелер кеңесінің», ата-аналар комитетінің жұмысын жандандыруды тапсырды. Мұнан бөлек, басқармаға құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алудың іс-шаралар жоспары аясында күшейтілген жұмыс жүргізу жөнінде тапсырма берілді. Мектепішілік және полиция органдарының есебінде тұрған оқушыларды бейімдеу үшін үйірмелерге тарту, жазғы демалыспен қамту қажет.
Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама, дене шынықтыру, спорт және туризм басқармалары білім басқармасымен бірлесіп, балалардың бос уақытын тиімді пайдалануын кешенді түрде үйлестіруге жауапты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы салауатты өмір салтын қалыптастыруда, балалар мен жасөспірім қыздардың денсаулығын нығайтуда «Жастар денсаулығы» орталығының жұмысын күшейту керек. Ал, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы қала, аудан әкімдіктерімен бірлесіп, түрлі санаттағы отбасыларға талдау жасап, әлеуметтік карта әзірлеуі тиіс. Полиция департаменті қала, аудан әкімдіктерімен бірлесіп, жасөспірімдер мен жастар арасындағы құқықбұзушылық, кибербуллинг әрекеттері мен заңсыз ойын орындарына тосқауыл қоюы қажет. Қала, аудан әкімдеріне облыстық білім басқармасымен бірлесіп, қалалық, аудандық ардагерлер, қоғамдық, әйелдер кеңестерін жұмылдыру арқылы тәрбие жұмыстарын жандандыру жүктелді. Ал, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп, білім басқармаларына қала, аудан әкімдері және полиция департаментімен бірлесіп, вейп пайдалануға толық тыйым салу және сатылымын болдырмау шараларын қабылдау тапсырылды.
Жиын соңында аймақ басшысы барлық жауапты мекемелерге балалар мен жасөспірімдердің тәрбиесіне асқан жауапкершілікпен қарауды, ортақ іске барынша атсалысуды тағы да ескертті.
Өз кезегінде облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов салада осы мақсатта атқарылып жатқан жұмыстар бойынша баяндама жасады.
Басқарма басшысының баяндауынша, осы жылдың 29 ақпаны күні Қызылорда облысының әкімі, облыс прокуроры мен полиция департаменті бастығымен «Білім беру ұйымдарының заңдылықты сақтауы және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі» үш жақты «Жол картасы» бекітіліп, білім басқармасының арнайы бұйрығымен мектептер мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына зерделеу, әдістемелік көмек беру жұмыстары жүргізілген. Зерделеуге облыстық денсаулық сақтау басқармасының, полиция департаментінің мамандары шақыртылып, құқық бұзушылық, отбасымен қарым-қатынас, мектепке тыйым салынған заттарды әкелу, бопсалау, мектеп әжетханасындағы әлімжеттілікті анықтау үшін сауалнамалар алынды. Қорытындысымен құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша барлық тетіктерін қарастыра отырып, 64 бөліктен тұратын «2024-2025 жылдарға арналған құқық бұзушылық, буллинг, есірткі, лудомания, вейб темекі, интернетке тәуелділіктің алдын алуға бағытталған профилактикалық бірлескен іс-шаралардың қадамдық жұмыс жоспары» әзірленген.
– Оқушылар мен есептегі балаларды түрлі үйірмелерге тарту бағытында жұмыстар жүруде. Жоспар аясында жыл басынан бері есепке алынған 530 бала, оның ішінде, қолайсыз отбасында тәрбиеленіп жатқан 149, мектепішілік бақылауда 350, полиция органдарының есебінде 31 бала бар. Қазіргі кезде олардың 200-і үйірмеге, 330-ы спорттық секцияға тартылды. Одан бөлек, балалардың бос уақытын тиімді үйлестіру бағытында облыстық білім басқармасы қосымша білім беру ұйымдары және оларды дамыту шаралары жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, тәрбие үдерісінде адамгершілік құндылықтарды арттыру, академиялық артықшылыққа және адалдыққа ұмтылуды ынталандыру, тәрбие үдерісінің жаңаша мазмұны мен әдіс-тәсілдерін жетілдіру, қосымша білім беру бағдарламаларын меңгеру үрдісінде оқушыларды ұлттық-салт дәстүрлер арқылы патриотизмге тәрбиелеу бағытында облыста 62 қосымша білім беру ұйымы жұмыс жасайды.
Баланы ортаға бейімдеу, бойындағы жеке қасиеттерін дамыту, ашық, әрі жақсы дағдыларын қалыптастыру – білім беру ұйымдарындағы тәрбие бағытының негізгі міндеті екені жасырын емес. Осыған сәйкес, алғашқылардың бірі болып облыстық білім басқармасы республикалық «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру Ұлттық ғылыми-практикалық институтымен бірлесіп «Менің бауырым» еріктілер жобасын бастады. Аталған жоба Қызылорда қаласынан бастау алып, облыстың барлық аудандарында мектеп директорлары, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, мектеп психологтары, жергілікті университеттер мен колледждердің жоғарғы курс студенттеріне арналған семинар-тренингтер өткзілді.
Жаңа оқу жылынан бастап жоба аясында Қызылорда қаласы мен барлық аудандарда оқушылар арасында құқық бұзушылықтың, буллингтің алдын алуға, әр оқушының тұлғалық бейнесін қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жүргізіледі.
2023-2024 оқу жылынан бастап оқушыларға біліммен қатар, тәрбие бағытын күшейту мақсатында Оқу-ағарту министрлігімен «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы іске асырылуда.
Бағдарлама аясында білім басқармасы жанынан құрылған облыстық жұмысшы тобы бала тәрбиесін жетілдіру, күшейту бойынша зерттеу, зерделеу жұмыстарын жүргізіп, аймақтық іс-шаралар жоспары бекітілді.
Жоспарға сәйкес, аймақ басшысының тапсырмасымен ашылған облыстық «Тәрбие, спорт және қосымша білім беру» орталығы орта білім беру ұйымдарындағы білім алушылардың, құқық бұзушылыққа бейім, девиантты мінез-құлықты, мектепішілік есептегі оқушыларды қамти отырып 7-10 сыныптың оқушыларымен еркін форматта «Тәрбие талқы» сұхбаттасу алаңында кездесулер өткізді, – деп атап өтті басқарма басшысы.
Одан бөлек, орталық қызметкерлері облыс аумағындағы әрбір мектеп пен колледжге барып, тұрақты түрде әдістемелік көмектер көрсетуде. Оқушылар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін облыс көлемінде спорттың 11 түрінен «Ұлттық мектеп лигасы» мектепаралық сайысы ұйымдастырылуда. Аталған сайыс түрлеріне аймақ бойынша 120 мың оқушы қамтылған.
Осындай жұмыстардың жалғасы ретінде, оқушыларды зияткерлікке, отансүйгіштікке, еңбекке, ұлттық құндылықтарға бейімдеу мақсатында, биылдан бастап облыс әкімінің жүлдесіне арналған «Сыр лигасы» жобасы басталды. Мұнан бөлек, облыс әкімінің қолдауымен биыл «Психологиялық қолдау орталығы» ашылған. Қазіргі кезде орталықта 22 маман жұмыс істейді. Орталықтың негізгі міндеті – қиын жағдайда қалған оқушыларға психологиялық, білім беру ұйымдарының психолог мамандарына әдістемелік-сүйемелдеу көмегін көрсету. Қазірдің өзінде, білім беру ұйымдары педагогтарымен және психологтарымен жыл басынан бері екі мәрте супервизия өткізілген. Мектепішілік есепке алуды жүргізу бойынша кейс менеджмент тетігі енгізіліп, 75 279 білім алушыдан сауалнама алынып, көмекке мұқтаж 138 оқушы анықталып, психологиялық-медициналық көмектер көрсетілген.
– Әрбір мектептің – үздік мектеп болуына жағдай жасау, әрқайсысына нысаналы көмек көрсетілуін ұйымдастыру үшін мектептердің негізгі бағыттары бойынша рейтинг жасалады. Жасалған рейтинг негізінде және қолданыстағы нормативтік құжаттардағы негізгі талаптарды ескеріп, әрбір мектеп дамуының нысаналы индикаторлары жасақталды, индикаторлар даму бағдарламаларына енгізілді. Әрбір мектептің көрсеткіші бойынша білім бөлімінің индикаторлары қалыптастырылды. Білім басқармасының 2024 жылғы 15 наурыздағы бұйрығымен орта білім беру сапасын жоғарылату, қалалық және ауылдық жерлерде орналасқан білім беру ұйымдарының білім деңгейіндегі алшақтықты төмендету, білім беру ұйымдарының жыл сайынғы өзін-өзі бағалау жүйесін дамыту мақсатында индикаторлар бекітілді. 7 міндет, 45 тармақтан тұрады.Мектептерді бағыттары бойынша профильді дамыту бағытында пәндер бойынша «Тірек мектептер» желісін қалыптастыру жұмыстары жалғасуда. Білім басқармасы тарапынан барлық құзырлы органдармен бірлесіп кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алуға бағытталған жұмыстар жүргізілгенімен, бірқатар факторлардың әсерінен кәмелетке толмағандармен және оларға қарсы жасалып жатқан құқық бұзушылықтар мен қылмыстық әрекеттер тыйылмай отыр, – деді Асқарбек Есжанов.
Сондай-ақ ол бала тәрбиесі ортақ болғандықтан, жасөспірімді жан-жақты дамыту, құндылықтарға бейімдеу бағытында барлық мемлекеттік мекемелерді, үкіметтік емес ұйымдарды жұмыла әркет етуге шақырды.
Оқушылар Үйлері мен Өнер мектептерінде ардагерлер, аналар кеңестерінің, үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін пайдаланып, оқушы бойында адами құндылықтарды дамытуға, патриоттық сананы қалыптастыруға бағыттылған кездесулер мен мәдени-көпшілік шараларды көптеп өткізу бойынша өз ұсынысын білдірді және білім басқармасы өз құзыреттілігі аясында аталған ұсыныстар бойынша бірлесіп жұмыс жасауға дайын екенін айтты.
Сурет облыс әкімдігінің парақшасынан